Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Түркістан облысында мектеп мұғалімі ұлт зиялыларының бейнесін кәдімгі шеге мен жіптің көмегімен бейнелейді

Түркістан облысында мектеп мұғалімі ұлт зиялыларының бейнесін кәдімгі шеге мен жіптің көмегімен бейнелейді

Ерекше туынды. Түркістан облысында мектеп мұғалімі ұлт зиялыларының бейнесін кәдімгі шеге мен жіптің көмегімен бейнелейді. Стринг-Арт технологиясын қолға алған Айнұр Сапарқызы бір айда Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін өрнектеген.

Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылындағы Балтабай Нұрлыбеков атындағы мектепте көретін дүние көп. Табалдырықтан аттағаннан оқушылардың қолынан шыққан әдемі дүниелер бірден көз тартады. Жуырда олардың қатарын ұлт зиялыларының бейнесі толықтырды. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтың бейнелері ерекше әдіспен бейнеленген.

Көркем еңбек пәнінен дәріс беретін Айнұр Сапарқызының қолға алған бұл еңбегі – алаш зиялысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың бейнесі. Алдымен тақтайға ұлы тұлғаның бейнесін қаламмен салып алған ұстаз шегемен кескін беруде.

Нобайымызды жасап алдық. Кескініміздің бейнесі шықты. Енді жіпті тұйықтап аламызда мұны өзіміздің алған суретімізге қарап, бірінші графасын сызып аламыз. Сосын барып ішін толтырамыз...

Үнемі ізденіс үстінде жүретін педагог ғаламтордан көрген сринг-арт өнері өзіне бірден ұнап қалғанын айтады. Неге қарапайым шеге мен жіптен ұлт мақтаныштарын бейнелемеске деген оймен үш-төрт ай жүрген. Қолымнан келе ме, жоқ па деп бастапқыда жүрексініп, қобалжығанын да жасырмайды. Тәуекел етіп алғаш қолға алғаны - ұлы ақын Абай Құнанбайұлының бейнесі. Бір түнде жасап шыққан дүниесін әріптестері қолдап, шабыт берді дейді.

Айнұр САПАРҚЫЗЫ, КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Ең алғаш өзіме қатты ұнағаны – жіптен кәдімгі бейне шығару да...былай қарап тұрсаң оңай дүние емес, бірақ, білмейм енді, өзіме қатты ұнады. Сосын қазақтың тұлғаларын жасайыншы деп бірінші қолға алдым.

Айнұр стринг –Арт өнерін әзірге бір оқушысына ғана үйретіп жүр. Негізгі кескін тақтайға шеге қағып шығарылатындықтан балалар абайсызда қолын жарақаттап алады ма деп қорқатын көрінеді. Ерекше өнерге машықтанып, ұлы тұлғаларды бейнелеуге өз үлесін қосып жүрген Кәусар басында аздап қиналғанмен қазір ынты-шындысымен қызыға өрнектеп жүр.

Кәусар ҚҰРАҚБАЕВА, ОҚУШЫ:

Стринг-Арт шыдамдылықты өте қатты талап етеді. Төзімділікті және де қолдың икемділігі ол өте маңызды болып саналады. Бара - бара қызықтым.

Бір жұмыстың нобайын жасауға 1 сағаттай уақыт кетеді. Онан соң жібін мұқият өріп шығады. Тапжылмай отырса 4-5 сағат жеткілікті дейді. Әлихан Бөкейхановтың бейнесін аяқтағасын Айнұр Сапарқызы қазақтың қос батыр қызы Әлия мен Мәншүктің, сонымен қатар үш бәйтерек пен бес арыстың бейнесін кескіндемек.